Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының бұлт артынан шығатын ашық аспаны мен жарық күні үшін күрескен тұлғалардың бірі де бірегейі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қазақтың ақыны, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ үшін «Ұлт ұстазы» атанып кеткен ұлы тұлға. Ұстаздың кең көлемде тойланып жатқан 150 жылдығынан Б.Байқадамов атындағы балалар музыка мектебі де қалыс қалмады. Бүгін домбыра бөлімінің жетекшісі Жусупова Балым Сейтхановнаның ұйымдастыруымен Ахмет шығармашылығы мен күреске толы өмір жолына арналған іс-шара болып өтті. Іс- шараның шымылдығы Ахаңның ұлт болашағы үшін күресіп, халықтың көкірек көзін ояту үшін жасалған игі істері жүзеге аспай жүргенде туындаған "Арман" күйімен ашылды. Көрермендерге Жангелдин ауданы Торғай ауылында А.Байтұрсынұлына арнап ашылған мұражайдан бейнематериалдар көрсетілді. Мектебіміздің шәкірттері А.Байтұрсынұлының шығармаларын жатқа оқып, ағартушымыздың "Екі жирен" шығармасын қобыз аспабының мұғалімдері Тулегенова Жадыра Аркабаевна мен Кабылова Кенжегул Сайлаубаевна қобыз үнімен жеткізсе, домбыра аспабының мұғалімі Қапан Олжас Мүшелбайұлы домбырамен әуелете, нақышына келтіре шырқады. Аталған іс-шараның соңында "Ұлтымның ұлы ұстазы" әні қосыла шырқалып, аяқталды.
https://baikadamov-muzshkola.rka.kz/kz/zhanaly-tar/104-ostanaj-oblysy-kimdigi-bilim-bas-armasyny-ar-aly-alasy-bilim-b-limini-b-baj-adamov-atynda-y-balalar-muzyka-mektebi-kmm-akhmet-bajt-rsyn-lyny-150-zhyldy-merejtojyna-arnal-an-ltty-ly-stazy-akhmet-bajt-rsyn-ly-atty-merekelik-kontsert.html#sigFreeId5e1935bf1d









