Жыл сайын елімізде қазан айының 1 жұлдызы қарттарымыздың ерен еңбегін еске алып, олардың мемлекетіміздің дамуына қосқан сан қырлы үлесі мен халқымыздың дәстүрлеріне құрмет ретінде Халықаралық қарттар күні болып аталып өтіледі. Бұл айтулы мерекенің мәніне үңілетін болсақ, Халықаралық қарттар күні 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясында жарияланды. Бұл мереке барлық қарт адамдарға адал еңбегі үшін, олардың үлкен өмірлік тәжірибесі, мейірімділігі мен даналығы үшін үлкен  құрмет пен жылы лебіз білдіруге тамаша мүмкіндік береді. Бұл мерекені Б.Байқадамов атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы назардан тыс қалдырған емес. Осы мақсатта, мектеп директоры Бултирикова Ж.И бастаған бірқатар ұстаздарымыз талай жылдар білім саласына қызмет етіп, бар ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған зейнеткеріміз, мектептің ардагері Жұмабаева Дүрияш Мұхамеджанқызын арнайы құттықтап барып, сый-сияпаттарын тарту етті. Мектеп мұғалімдері саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған қарт ұстазбен мерекелік дастархан басында ұстаздық өмір жолы туралы тағылымды әңгімесін тыңдап, сүйікті әндер шырқалып, жақсы әсерге бөленіп қайтты. Кездесу соңында Дүрияш Мұхамеджанқызы мектеп ұжымына алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Халықаралық қарттар күні- баршаға жан-жылуын сыйлайтын,  жас пен кәріні қамқорлыққа бөлейтін ең мейірімге толы мереке болып есте қалды.